Қазақ | Русский

Телефон: +7 (727) 267-66-46
Сегодня нужно собрать
15 010 312,00
Помочь

Алматыда аутизммен ауыратын балаларға арналған мереке өтті

1 қазан 2019 жылы «Мейірімділік» Ерікті қоғамы» қорының спорттық алаңында «Аутизмді жеңеміз!» жобасы аясында «Біздің қолымыздан бәрі келеді» атты спорттық мереке өтті.

Шараның мақсаты – спорттық бәсеке барысында жобаға қатысушылардың қол жеткізген нәтижелерін көрсету.

Шараға 35 бала қатысты. Балалармен емен-жарқын араласып, қол жеткен жетістіктеріне бірге қуанғандардың қатарында Қазақстан Республикасы Балалар құқықтары жөніндегі Уәкілі – «Мейірімділік» Ерікті қоғамы» қорының директоры Аружан Саин мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметі Кинология орталығының қызметкерлері де болды.

Мерекеге қатысушыларға арналған сөзінде Аружан Саин: «Аутистизмге шалдыққан балалар мен олардың ата-аналарына жеңіс пен жаңа өмірлік мақсат-мұраттармен қатар жоба аясында оқу жылын табысты аяқтауды тілеймін. Біз үшін «Аутизмді жеңеміз!» жобасы - балаларға осы дертпен күресу мүмкіншілігін тудырудың үлкен мүмкіндігі» - деді.

Кинология орталығының қызметкерлері балаларға күн сайын Отан шекарасын қорғауға көмектесіп жүрген жануарлардың қабілет-қарымдарын көрсетті. Балалар, әсіресе, лабрадор тұқымдас өте мейірімді иттермен етене араласып мәз-мейрам болып қалды.

Шекара қорғау қызметінің өкілдері мерекеге шын ниеттерімен қатысып, алдағы уақытта да жобаны қолдарынан келгенше қолдайтындықтарын білдірді.

Өз кезегінде жоба аясында тәрбиеленіп жатқан жеткіншектер мерекеге келген қонақтар мен ата-аналарына өздерінің спорттағы жетістіктерін көрсетті. Әсіресе, олар эстафета кезінде өздерінің командылық рухтары мен ерік-жігерлерін көрсете білсе, «Аңсау» футбол командасы допты кәсіби деңгейде меңгере алтындықтарын дәлелдеді. Ересектер үшін мерекеге келген қонақтар да қатысып кеткен флешмоб тосынсый болды. Бұл мерекеге балалар мен олардың ұстаздары айдан астам уақыт дайындалған еді.

«Аутизмді жеңеміз!» жобасы қызметкерлері күнделікті жүргізіп жатқан жұмыстар балалардың қоршаған ортаға бейімделуіне зор ықпал етіп, олардың жанұясымен де, өздері қатарлылармен де еркін араласып кетуіне әсері зор екенін айқын дәлелдеді.

Аутистикалық ауытқуларға ұшырағандар үшін әлеуметтің арасынан табылу өте маңызды. Және тек кәсіби психологтар мен педагогтар жұмыс жасайтын дәл осындай орталықтарда ғана қиын түйіндер тиімді шешіледі.

«Менің ұлым ұдайы үнсіз болатын және айналасында болып жатқан жағдайларға анда-санда ғана назар айдаратын. Ал қазір ол өзінің бізге – ата-анасына деген махаббатын сездіре алатын мүмкіндікке жетті. Өмірге қызығушылықпен қарай бастады. Міне, еңбектеріңіздің жемісі! Міне, Бақыт!» - деді жобаға қатысушы балалардың бірінің анасы. «Мейірімділік» Ерікті қоғамы» қоры «Аутизмді жеңеміз!» жобасын «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды жүргізу Қорымен бірлесіп жүзеге асырып отыр.

Бұл жоба аутистерге көмектесу барысында ата-аналар мен мамандарды біріктірудің үлгісіне айналды. Жобаның негізгі мақсаты – аутистерге барша мүмкіндіктерін пайдаланып, қоғамның толыққанды мүшесіне айналуына көмектесу.